Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы — Футболдан халықаралық матчтарда өнер көрсетіп жүрген Қазақстан құрамасы. Қазақстан Футбол Федерациясының бақылауында. 1994 жылы ФИФА және АФК-ға мүше болды. Кейін 2002 жылы УЕФА-ға ауысты. Дәл қазіргі таңда бас бапкері чехиялық Михал Билек.
Құрама Еуропадағы аутсайдер ұжымдардың бірі. Ешқашан әлем және құрлықтық чемпионаттардың финалдық турнирлеріне қатыспаған.
Тарихтағы тұңғыш кездесуін 1992 жылы 1 маусым күні Алматыда Түрікменстан құрамасына қарсы өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Құрама 1995 жылға дейін тек Орта Азия құрамаларымен ойнады, тек 1997 жылы 16 шілде күні Либия құрамасымен бақ сынасты.
Ең алғашқы ресми кездесуін Қазақстан құрамасы 1996 жылғы Азия Кубогының іріктеу турнирінде өткізді. 7-ші топта Сирия және Катар құрамаларымен бір топқа түсіп, алғашқы кездесуінде Катар құрамасын 1-0 есебімен жеңді. Бұл осы іріктеудегі құраманың соққан жалғыз добы болатын. Одан кейін олар қалған үш кездесудеде бірде-бір доп соға алмай, қақпасына барлығы алты доп жіберіп алып, жеңіліп қалды.
1998 жылғы ӘЧ-ның іріктеуінде Қазақстан Ирак және Пәкістан құрамаларымен 9-шы топқа түсті. Алғашқысын 2-1, 3-1 есебімен жеңсе, екіншісін 3-0, 7-0 есебімен жеңді. Екінші раундта Оңтүстік Корея, Жапония, БАӘ, Өзбекстанмен бірге В тобына түсіп соңғы орын алды. Біреуінде жеңіп, үшеуінде тең түсіп, төртеуінде жеңіліп қалды.
2002 жылғы Әлем Чемпионатына іріктеуде Ирак, Непал және Макао құрамаларымен бір топқа түскен Қазақстан Ирак құрамасымен ұпайы тең түсіп, қосымша көрсеткіші бойынша қалып қойды.
2000 жылы ҚФФ Азиялық аймақтағы футболдың даму перспективасы төмен деген көзқараспен Еуро аймаққа өтудің жолдарын іздеді.Қазақстанның географиясындағы Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстары Еуропаға кіріп тұрғандықтан, 2002 жылы Қазақстан УЕФА-ға қабылданды. Сондықтан Қазақстан өту кезеңінде болғандықтан 2004 жылғы Азия Кубогы мен Еуропа Чемпионатының іріктеу турниріне қатысқан жоқ.
2006 жылғы ӘЧ-на іріктеуде Қазақстан тұңғыш рет Еуро аймақта өнер көрсетті. Украина, Түркия, Дания, Грекия, Албания және Грузия құрамаларымен бір топқа түсіп, 12 ойында 1 ғана ұпай жинап соңғы орын алды.
2006 жылдың басында құраманы голландиялық маман Арно Пайперс баптады. ЕУРО-2008 іріктеуінде 14 матчтың екеуінде жеңіске жетіп, 4 матчта тең түсті. Нәтижеде 8 құраманың арасында 6-ші орын алды.
2010 жылғы әлем чемпионатының іріктеуін Қазақстан құрамасы сәтсіз бастады. Осының салдарынан Арно Пайперс қызметінен кетті де, орнына неміс маманы Бернд Шторк келді. Шторк та құраманы көтере алмады. Құрама бірнеше рет ірі жеңіліске ұшырап, 2011 жылы Мирослав Беранек келді. Беранек келісімен құраманың ойыны аздап болса да жүйеге түсіп, шамалы дұрысталды. Бірақ 2013 жылы құрамадан ол да кетті. Одан кейін келген Юрий Красножан, Талғат Байсуфинов, Александр Бородюк секілді бапкерлер де айтарлықтай табысқа жете алмады.
2018 жылдың 1 наурызында құрамаға болгариялық маман Станимир Стоилов келді. Стоиловтың кезінде құрама қатысқан жалғыз ресми турнир УЕФА Ұлттар Лигасы болды. Андорра, Грузия, Латвия құрамаларымен Д лигасында бір топқа түсіп, екінші орында қалды. Бұл нәтижеге өзінің де көңілі толмаған боЛса керек, 2019 жылдың басында Стоилов қызметтен өз еркімен кетті. Оның орнына чехиялық маман Михал Билек келді.